Жамбыл облысы Тұрар-Рысқұлов ауданында орналасқан М. Өзбеков атындағы мәдениет үйінде 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік жиынға аудан әкімі Ернар Есіркепов қатысып, тұрғындарды Алғыс айту күнімен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде бұл мерекенің қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтудағы маңыздылығын атап өтті. Ол ел дамуының негізі өзара құрмет пен ынтымақтастық екенін атап өтті.
Іс-шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық өмірді жандандыруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға елеулі үлес қосқан азаматтар мен еңбек ұжымдары марапатталды. Оларға алғыс хаттар табыс етіліп, алғыс сөздер айтылды.
Сондай-ақ, "Golden Compass Jambyl" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымына ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыруға қосқан елеулі үлесі үшін шын жүректен алғыс айтылды. Кәсіпорынның белсенді азаматтық ұстанымы мен демеушілік қызметі аудан аумағында бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге нақты көмек көрсетіп отырғаны атап өтілді.
Аудан басшысы ұжымның жауапкершілігі мен оның қоғам игілігі жолындағы еңбегін жоғары бағалап, одан әрі табыстар мен жаңа бастамаларды іске асыруды тіледі.
Алғыс айту күні ел тұрғындарын ортақ құндылықтар, бірлік пен өзара ризашылық төңірегінде біріктіретін маңызды мереке болып қала береді.